АСТАНА, 20 тамыз — Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековті балағаттап, есірткіні дайындау әдісін көрсеткен видеоүндеу кейіпкері ұсталды, деп хабарлады Қырғызстан ІІМ.
Видео 17 тамыз күні кешке әлеуметтік желілерде таралған. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері қырғызстандықты сол күні сағат шамамен 22.00-де Ыстық көл облысының Бозтері ауылындағы пансионаттардың бірінде ұстады.
"Ұсталған азамат 28 жаста, ол Бішкекте тұрады. Одан 20 грамм есірткі тәркіленді. Ер адам уақытшы ұстау абақтысына қамалды. Ата-анасының айтуынша, бұрын басынан жарақат алған, психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады", — деп жазылған хабарламада.
Sputnik Қырғызстан агенттігінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 246-бабы (Есірткі заттарын заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе жөнелту) бойынша қылмыстық іс қозғалды.