АСТАНА, 17 тамыз — Sputnik. Қазақстанда жыл сайын кәмелеттік жасқа толмағандармен 3 мыңдай неке тіркеледі, деп хабарлады БҰҰ-ның халық санағы қоры (ЮНФПА).
Кәмелеттік жасқа толмағандар – 18 жасқа толмаған жасөспірім қыздар.
"БҰҰ-ның кластерлік зерттеу деректеріне сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің 8%-ы алғаш рет ресми немесе ресми емес некеге 18 жасқа дейін тұрған, олардың 5%-дан астамы 15-19 жасында өздерінен кем дегенде 10 жасқа үлкен ер-азаматтармен отау құрған", — деп хабарлайды ЮНФПА.
Зерттеу барысында анықталғандай, кәмелеттік жасқа толмаған келіншектер сексуалды, экономикалық, физикалық және эмоционалдық зорлық-зомбылыққа тап болады.
"Бізге әбден қиналып, тығырыққа тірелген қыздар хабарласады. Қоңырау шалып, күйеулерінен тығылып келіп жатады. Мүмкіндігімізше көмектесіп, дағдарыс орталығына жөнелтеміз, бірақ ол жерде ұзақ қала алмайды", — деп мәлімет берді қиындыққа душар болған әйелдерге жәрдемдесетін үкіметтік емес қауымдастықтың өкілі ұйымға.
Атап өтсек, видеоролик әнші Калияның (Kaliya) "Қыз тағдыры" клипінің негізінде әзірленген. Орындаушының өзі айтқандай, "қазақтың салт-дәстүрінде қыздарды кемсіту, ар-намысын таптау жат қылық болып саналады".