АСТАНА, 16 тамыз — Sputnik. Қырғызстанның Бас мүфтиі Бішкекте биылғы жылдың қыркүйек айында Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылатынын мәлімдеді.
Мешіттің құрылысы 2012 жылы басталған. Жобаны "Дианет" түркиялық қоры қаржыландырды. Құны – 25 миллион доллар. Бішкек билігі мешітке 3,5 гектар жер бөлген.
"Мешіт өте әдемі болады. Осман империясы кезеңіндегі сәулет негізінде салынып жатыр. Ғибадатхананың өзіне 8 мың адамға дейін, ал оның аумағына 20 мың адамға дейін сыяды", — деді Қырғызстанның Бас мүфтиі Мақсат қажы Тоқтомышев Sputnik Қырғызстанға берген сұхбатында.
Жаңа мешітті 2 қыркүйекте ашу жоспарланып отыр. Бұл күні Түркия президенті көшпенділер ойындарына келеді деп күтілуде. Ол имам Сарахси атындағы орталық республикалық мешіт деп аталатын болады.
Орталық Азиядағы ең әдемі әрі ең зәулім мешіт саналатын Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешіті 2012 жылы ашылған болатын.
"Әзірет Сұлтанның" әлемнің өзге мешіттерінен ерекшелігі сексен пайыз ұлттық нақыш, ою-өрнек қолданылған. Күмбездегі ұлттық нақыштағы орнаменттерді жергілікті сәулетшілер қолдан құйып жасады.