АСТАНА, 13 тамыз — Sputnik. Қазақстан Республикасының Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов қазақстандық судьяларға кәсіби және жеке жауапкершілік тақырыбында төртінші үндеуін жолдады.
"Ар-ожданды басшылыққа аламыз"
Асанов еске салып өткендей, әрбір судьяны тағайындаған немесе судьялыққа ұсынған Елбасы мемлекет атынан сот төрелігін іске асыруды сеніп тапсырды. Сондықтан судьялар президент алдында да, қоғам алдында да, әрбір азамат алдында да кәсіби жауапкершілік арқалайды. Халықтың сапалы сот төрелігіне сұранысын қанағаттандыру – олардың күн сайынғы міндеті.
"Жақындарымыз бен туыстарымыз алдында да жеке жауаптымыз. Судья ретінде де, тұлға ретінде де олардың алдында арымыз таза, беделіміз кіршіксіз болуы тиіс. Сондықтан сіздерге өтініш – кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда тым болмаса бір рет іштей қайталаңыз: "Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын", — деп кеңес берді Жоғарғы сот төрағасы қол астындағы қызметкерлеріне.
Әлеуметтік желілер – бағыт-бағдар сілтейтін компас
Асанов өзінің және өзге де судьялардың жұмысына объективті баға беру үшін әлеуметтік желілерді бақылап отыратынын айтты. Жоғарғы сот төрағасы негативті пікірлерге де түсіністікпен қарайды, оларды қолға алған шаралардың дұрыс-бұрыстығын көрсететін компас ретінде қабылдайды.
"Рас, кейде "диван блогерлері" жағдайды ушықтырып жібереді. Бірақ, мәселе олар жайлы емес. Мәселе соттың заңсыз шешімдерінен зардап шеккен; жеке қабылдауыма кіре алмай жүрген; жекелеген судьялар мен жалпы жүйеміздің кемшіліктерін ашып көрсетіп жүргендер жайлы. Сот саласына жаны ашып, шырылдап жүргендер туралы. Мұның бәрі біздің жұмысымызға берілген шынайы баға", — дейді ол.
Судья деген кім?
Жоғарғы сот басшысы әр судьяның мойына артылған ауыр жүкті атап өтіп, олардың қызметіне қатысты көптеген арыз-шағым түсіп жататынын жасырмады.
"Сот төрелігін іске асырған кезінде әрбір судья тәуелсіз, тек заң мен ішкі нанымға, ар-ожданға бағынады. Ешкім де судьяны жайдан-жай жұмыстан босата алмайды… Иә, жазалау механизмі ұзақ әрі күрделі. Бұл бізге жақсы қорған. Бірақ, мұндай процедура адал, сауатты судьялары көп, заңды белден басатын судьялары аз сот жүйесіне арналған", — деп еске салады төраға.
Асанов судьяларға: мақтау қағазын алу үшін істеп жүрсіздер ме?
Бірақ, оның айтуынша, судьялыққа үміткерлерді іріктеу жүйесі өзін ақтамай, жеке қасиеттері жағынан да, кәсіби қабілеттері жағынан да "кездейсоқ" кадрлар еніп кеткен. Тағы бір айта кететін жайт, вакансия көп – 10% болса да, соңғы 8 айда бірде-бір судья қызметке қабылданбапты.
"Лайықтылар жоқ емес. Бар. Бірақ, оларды дұрыс іріктеу керек. Жоғарғы сот кеңесімен бірге оны түбегейлі өзгертіп жатырмыз", — деп атап өтті Жоғарғы сот төрағасы.
Бойкүйез судьяларды қалай жөнге салады
Асанов әлеуметтік желіні шулатқан істер мен өрескел заңсыздыққа жол берген судьялар туралы да сөз қозғады. Ол салақтыққа жол берген судьяларға қатысты қолданылатын шараларды атап өтті.
Асанов сотталған құдағи мен мал бағу құқығынан айырылған бақташы туралы айтты
"Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" дейді. Бізде де солай. Судьяның бір "солақай" шешімі бүкіл жүйемізге сын туғызып, жұмысын таза, сауатты жасап жүрген басқа судьялардың жұмысына зиянын тигізеді… Алдағы уақытта да осындай істер мен фактілерді онлайн режимде көпшілік талқыға шығарамыз. Қыркүйек айынан бастап заңды аяққа таптаған әрбір судьяның атын атаймыз", — деді Асанов бұл мәжбүрлі шараға бару оңай емес екенін атап өтіп.
"Алматы мен Астананың судьялары жылап жүр". Асанов сот жүйесіндегі проблеманы атады
Этикалық кеңестер
Сөз соңында, Жоғарғы сот төрағасы қалыптасқан дәстүрден ауытқып, судьяларға кітап емес, 2 фильмді көруді ұсынды.
"The Great Debators" — "Үлкен даушылар", Виктор Гюгоның "Шеттетілгендер" романының экранизациясы. Бұл туындылардағы адам құқығы, сот төрелігінің негіздері, шешендік өнердің қажеттілігі жайлы терең идеяларға біз жиі оралып тұрғанымыз жөн", — деп жазады Асанов.