АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Victoria’s Secret агенттігінің бразилиялық моделі Адриана Лимамен қалай танысқанын айтып берді, деп жазады Sports.kz.
"Бір ай Майамиде жаттықтым, ол жақ қатты ұнады. 5th Street Gym залында жұдырықтасып жүрдім. Ол залға барған сайын Адриана Лиманы көретінмін. Менің командаммен сөйлесіп: "Нью-Йоркке сенің жекпе-жегіңді көру үшін барамын. Сенің жанкүйерің болғым келеді", — деді", — деп еске алады Елеусінов Boxing Monthly журналына берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, Елеусінов АҚШ-та сәуір айында кәсіпқой рингке алғаш рет шыққан еді, ол кезде америкалық Ноа Киддті техникалық нокаутпен жеңген болатын. Кейін Лондонда төрешілердің шешімімен венгр Золтан Шабоны ұтты. 4 тамыздан 5 тамызға қараған түні Кардиффте Данияр тағы бір венгриялық боксшы — Габор Горбичке қарсы кездесу өткізеді.
Тағы оқыңыз: Қай қазақ боксшысы келесі әлем чемпионы атанбақ?