Өңірлер

Түркістан облысында тұтастай бір ауыл халқы "гипер еңбекқор" атанып отыр - фото

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыАқниет ауылының тұрғындары егіс алқабында жүр
Ақниет ауылының тұрғындары егіс алқабында жүр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сарыағаш ауданында тұтастай бір ауыл диқаншылықпен айналысып, жұртқа үлгі болып жүр

АСТАНА, 2 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы Ақниет ауылында екі мыңнан астам халық бар. Екі жүзге жуық отбасы отынын тұтатып отырған елді мекенде барлық жанұя диқаншылықты кәсіп еткен. 

Ерте көктем шыға салысымен егін алқабын пана етіп, күнін көріп отырған халықтың көбі картоп, сәбіз, қырыққабат және өзге де көкөніс түрлерін егеді. Солардың бірі — 50 жастағы Лесбек Байболат. 

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыЛесбек Байболат диқаншылықты 20 жылдан бері кәсіп еткен
Лесбек Байболат диқаншылықты 20 жылдан бері кәсіп еткен - Sputnik Қазақстан
Лесбек Байболат диқаншылықты 20 жылдан бері кәсіп еткен

"Диқаншылықпен айналысып жатқаныма 20 жыл болды. Биыл қырыққабат пен сәбіз ектік. Жеті гектар жерге еккен қырыққабатты жинап, сатып үлгердік. Сәбізді де нарыққа шығардық. Одан соң жерімізге болгар бұрышын екпекпіз. Диқаншылық деген нар тәуекел деп істейтін жұмыс қой. Алған өніміңнің бағасы құбылмалы",- дейді Ақниет ауылының тұрғыны Лесбек Байболат. 

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыАқниет ауылының тұрғындары егістік басында жүр
Ақниет ауылының тұрғындары егістік басында жүр - Sputnik Қазақстан
Ақниет ауылының тұрғындары егістік басында жүр

Егіс басындағы асар

Нәпақасын жер жыртып, егіннен тауып отырған халық арасында бәсекелестік деген мүлдем жоқ екен. Тұрғындардың айтуынша, қайта керісінше, қандай да бір диқаншының егіс алқабында өнім пісіп, оны жинап үлгермей жатса, өзгелері көмекке келеді. Солай бір-біріне асарлатып қол ұшын беріп отырған халық өнім сатуда еш қиналмаймыз дейді. Себебі ақниеттік көкөніс пен жемістерді егістіктің басынан сатып алып кететіндер асып жетеді. Оның үстіне мұнда өнім өзге жаққа қарағанда 7-10 күн бұрын пісіп жетіледі. 

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыАқниет ауылының тұрғындары егіс алқабында жүр
Ақниет ауылының тұрғындары егіс алқабында жүр - Sputnik Қазақстан
Ақниет ауылының тұрғындары егіс алқабында жүр

Шенеуніктері мақтан тұтатын ауыл

Ауыл әкімшілігіндегілер ақниеттік тұрғындарды жүрген жерінде жарнамалап, тіпті өзгелерге үлгі алыңдар деп кеңесін де айтып жүреді. Өйткені екі қолға бір күрек тауып, отбасын асырап отырған халықта шағым айтуға уақыт жоқ. Жоқтан бар жасап, күнін көріп отыр. 

"Біздің ауылдық округке қарасты Ақниет ауылы халқының тұқтастай егіншілікпен айналысуы — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл ауылда жайылымдық жерлер жоқ болғандықтан, мал бағу қиын. Біз жүрген жерімізде осы ауылды үнемі насихаттап, ақниеттік тұрғындарды үлгі етіп айтып отырамыз",- дейді Қапланбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ермахан Жиенбаев.

Ауыл халқы егер мал жайылымдық жер болса, мал шаруашылығын да кәсіп ететін едік дейді. 

"Билікке тағар кінәміз жоқ. Әр өңірдің климаты мен жердің құнарлығына қарай кәсіпті игерген дұрыс қой. Осы күнімізге де шүкіршілік. Маңдай терімізбен еңбек етіп, ешкімге алақан жайып отырған жоқпыз, бастысы. Жайылымдық жер болса, мал да бағу қолымыздан келеді" – дейді ақниеттіктер. 

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыДиқаншылықты кәсіп еткен ауыл 145 гектар егістік жерді игеріп отыр
Диқаншылықты кәсіп еткен ауыл 145 гектар егістік жерді игеріп отыр - Sputnik Қазақстан
Диқаншылықты кәсіп еткен ауыл 145 гектар егістік жерді игеріп отыр

Тұтастай диқаншылықты кәсіп еткен ауыл халқы бүгінгі таңда 145 гектар егістік жерді игеріп отыр.

Жаңалықтар
0