АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақы алудан бас тартқан қазақстандық елші туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында зейнетақымен қамсыздандыру туралы сөз қозғаған вице-министр 20 жыл бойы өз зейнетақысын алмаған Қазақстан елшісін мысалға келтірді.
"Мен қазір 20 жыл бойы бірде-бір рет зейнетақы тағайындауға жүгінбеген Қазақстанның төтенше елшісін мысалға келтіргім келіп отыр. Ол кісі қазір зейнетте. Ол "мемлекеттің маған бергені соншалық көп, мен зейнетақыға үміткер болғым келмейді, өз-өзімді қамтамасыз етемін" дейді. Бірақ біз оны өтініш жазуға көндіріп, зейнетақы тағайындадық",- деді Жақыпова.
Вице-министр зейнетақымен қамсыздандыруға жұмысшы, жұмыс беруші және мемлекет – үшеуі бірдей қатысуы керек екенін еске салды.
"Мен үнемі мемлекет басшысының мына сөзін айтып жүремін: біз халықтың санасын өзгертуіміз керек. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы тек мемлекет қана ойланбауы тиіс екенін ұғатын кез жетті. Оған жұмысшының өзі, жұмыс беруші мен мемлекет қатысуы керек. Еңбек қатынастарын рәсімдегендерге қатысты ешқандай проблема туындап отырған жоқ. Бірақ азаматтық-құқықтық келісімшарттар арқылы еңбек қызметін жүзеге асырып жүргендер зейнетақы жүйесіне қатыспайды, соған қарамастан зейнетақыдан дәмелі",- деді ол.