ПАВЛОДАР, 30 шілде – Sputnik. Полиция әлеуметтік желілерде белгісіз біреулер екі ер адамды соққыға жығып жатқаны түсірілген видео жарияланғаннан кейін шара қолданды.
Instagram-да бес адам (төртеуі күзетшінің формасын киген) екі ер адамды қолмен, аяқпен және қысқа таяпен есінен танғанша ұрғаны түсірілген видео жарияланды. Зардап шегушілердің бірінің танысы болса керек, оларға жас қыз араша түспек болады, алайда онысынан түк шықпаған. Болған оқиғаны кездейсоқ куәгерлер түсіріп алған.
Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға төбелес дерегі ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркелгенін хабарлады.
Полицейлер соққыға жықты деген бес күдіктінің екеуін ұстады, олар 1984 және 1985 жылы туған Павлодар тұрғындары болып шықты. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева хабарлағандай, агенттікке төбелеске қатысқандардың ешқайсы медициналық көмекке жүгінбеген.