АСТАНА, 27 шілде — Sputnik. Жаңаөзендегі шағын аудандардың бірінде 26 шілде күні кешкісін жантүршігерлік жол апаты болып, бес адам қаза тапты.
Кешкі сағат бес кезінде "Самал" шағын ауданының көше қиылысында Lexus және BMW көліктері соқтығысып қалды, деп хабарлайды Sputnik lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Соққының қатты болғаны сонша, көлік бөлшектері он метрдей жерге шашылған.
"Салдарынан бес адам қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалған", — деп хабарлады Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Көлік апатынан қаза болған қыздың туыстарының сөзіне сүйенсек, Lexus жүргізушісі бағдаршам қызы жанып тұрғанда, қиылыстан өтіп кетпек болып, жол жүру ережесін бұзған.
Алайда полиция қандай да бір қорытынды жасауға асығар емес. Алда бірқатар сараптама жасалып, апатқа кім кінәлі екені анықталмақ.
Жол апатынан жалғыз өзі аман қалған жас жігіт жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр.