АСТАНА, 27 шілде — Sputnik. Бүгін қазақстандықтар өте сирек астрономиялық құбылыс — айдың толық тұтылуын тамашалайды.
Айдың тұтылуы, яғни Күн мен Айдың арасына Жер шарының дөп келуін дінімізде хусуф деп атайды, ал, Күннің тұтылуы кусуф деп аталады. Күн мен Айдың тұтылуы кезінде Алланың адам баласына нәсіп еткен жарығы сөнеді. Жер бетін уақытша қараңғылық басады, деп жазады ummet.kz.
Ай немесе Күннің тұтылуы қиямет күні белгілерінің бірі болып саналады. Табиғаттағы мұндай құбылыстар Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығының нышаны. Құран Кәрімде "Негізінде, мұғжизаларымызды үрейлендіру үшін ғана жібереміз" деген аят бар. Демек, үрейлі тосын оқиғалар адамдарды Алланың құдіреті мен ұлылығын мойындап, әлемнің кемел жаратылғандығын ойлап, тәубеге, құлшылыққа итермелейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) Күн мен Айдың тұтылған сәтінде арнайы құлшылық жасап, дұға еткен және басқаларға да намаз оқуды бұйырған. Ай тұтылған уақытта үйіңізде екі немесе төрт рәкат намазды жеке-жеке іштей оқу құпталған, жақсы іс болып саналады.
Исламда тыйым салынған есімдер
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) баласы Ибраһим бір жарым жасында шетінеп кеткенде Күн тұтылған. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ай мен Күн Алланың бар екеніне әрі құдіреті шексіз екендігіне анық дәлел. Бұлар ешкімнің қайтыс болуына немесе өмірге келуіне байланысты тұтылмайды. Ай немесе Күннің тұтылғанын көрсеңдер, көзі ашылғанға дейін намаз оқыңдар, дұға етіңдер", — дейді.
Тағы басқа бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл екі жағдайда садақа беріп, құл азат етуді бұйырған.
Бүгін қазақстандықтар ғасырдың басты астрономиялық оқиғасын тамашалау мүмкіндігіне ие. 28 шілдеге қараған түні өте сирек болатын айдың толық тұтылуы мен Марстың Ұлы қозғалысы құбылысы уақыты және жері бойынша да дөп келмек. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс осы ғасырда алғаш және соңғы рет болады. Айдың толық тұтылуы рекордтық 103 минутқа, ал жалпы бұл құбылыс 5 сағаттан артық уақытқа созылады.