АЛМАТЫ, 27 шілде — Sputnik. Денис Теннің өліміне қатысы бар үшінші күдіктінің аты-жөні белгілі болды. Алматы қаласы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жанар Толыбаева ұсталып, кейіннен тұтқындалған.
"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс жасалғанын хабарламау – Sputnik) және 188-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы (Адамдар тобымен алдын-ала келісіп ұрлық жасау– Sputnik) бойынша қылмысты жасады деген күдікпен Жанар Толыбаевқа қатысты екі айға қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат түсті", — деді баспасөз хатшысы Дияс Махамбетов.
Толыбаева 23 шілдеде ұсталды. Аудандық сот тұтқындауға санкцияны 25 шілдеде берген.
Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша үш адам қамауға алынғанын бүгін таңертең Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді. Алайда тергеу құпиясын алға тартып, ұсталған адам туралы өзге ақпарат бермеген болатын.
434-бап бойынша Толыбаеваға 6000 АЕК (14,4 миллион теңге, шамамен 42 мың доллар) айыппұл салынуы немесе сол көлемде түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін. Бұған қоса, аталған баптың санкциясы алты жылға бас бостандығын шектеуді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ұрлық бабы бойынша 3000 АЕК-ке дейін (7,2 миллион теңге, шамамен 21 мың доллар) айыппұл немесе сол көлемде түзеу жұмыстары, немесе бес жылға бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұған қоса, сотталушының мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Денис Теннің өлімі
Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алды. 3 литр қан жоғалтқан спортшы екі сағаттан соң, кешкі 17:30-да ауруханада көз жұмды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
20 шілде күні таңертең Денис Тенді өлтірді деген күдікпен Жамбыл облысының 24 жастағы тумасы Нұралы Қиясов ұсталды. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов қолға түсті. Екі күдікті де кінәсін мойындады. Оларға қатысты 2 айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне Денис Теннің өліміне қатысты істі тергеуді бақылауға алуды тапсырды.
Кейін Алматы қоғамдық кеңесінің отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы ІІД басшысы Серік Күдебаевты отставкаға жіберу туралы ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ, Денис Теннің өлімінен кейін алматылық полицейлер автокөлік бөлшектері сатылатын автобазарлар мен сауда орталықтарын тексере бастады.