АСТАНА, 24 шілде — Sputnik. Тәжікстанда салмағы 8 килограмм сәби өмірге келді. Алып нәресте – отбасының бесінші баласы.
"Мир 24" телеарнасы хабарлағандай, бұл ел тарихындағы алғашқы оқиға екен.
Баланың отбасы Куляб қаласында тұрады. Сәбидің атын Худодод деп қойыпты, қазақшаға аударғанда "Құдайберген" дегенді білдіреді. Нәресте туа бітті семіздікке шалдықпаған, тек денесі ірі болып жаратылған, деп түсіндірді дәрігерлер.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы сәбиді қиналып босаныпты. Дүниеге келген соң бастапқыда оттегі маскасымен демалдыруға тура келген.
Сәбиінің мұншалықты ірі денелі болуы анасын да таңғалдырды.
"Ата-тегімізде мұндай болмаған. Төрт балам туған кезде салмақтары үш жарым-төрт жарым келі болатын", – дейді батыр тұлғалы нәрестенің анасы Тахмина Одинаева.
Қала әкімшілігі отбасыға баға жетпес сыйлық жасады – отбасы мен бала үшін тегін медициналық жәрдем, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетіледі.