АСТАНА, 21 шілде — Sputnik. "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы елордада 21 және 22 шілдеде өтуі тиіс ресейлік әртістердің концерттері болмайтынын мәлімдеді.
Ұлттық компания қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің қазасына байланысты көңіл айтты.
"Осыған байланысты 21 шілдеге жоспарланған DJ Smash концерті болмайтын болды. Ал 22 шілдеге жоспарланған Дима Биланның концерті 15 тамызға шегеріледі", — делінген "Астана ЭКСПО-2017" хабарламасында.
Естеріңізге сала кетсек, 19 шілдеде Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Спорт жұлдызының мезгілсіз қазасы бүкіл Қазақстан халқын күңірентті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев және танымал спортшылар мен әртістер Денистің отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Денистің орындаған әні жарияланды
Бүгін Алматыда Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салады. Астана қаласында да спортшымен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.