ПЕТРОПАВЛ, 19 шілде – Sputnik. Қытайдың DongFeng көлік компаниясы Солтүстік Қазақстанда зауыттар кешенін салып, жүк көліктерін, коммуналдық техника, кейінірек – кіші авиация техникаларын жасап шығаратын болады, деп хабарлайды "СКО СП KAZ" ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Ержан Артықбеков өңір басшылығы мен Хубэй провинциясының ресми өкілдерінің кездесуінен соң.
Оның айтуынша, қытай компаниясы Петропавл өнеркәсіптік паркінде зауыттар кешенін салуды жоспарлап отыр.
"Бастапқыда 1 мың гектар жерге салу жобасы әзірленген болатын, бірақ старт-ап болғандықтан, аумағы 165 га-ға дейін қысқартылды. Осы жобаны іске асыру үшін мемлекеттік органдардан рұқсат алуға алты жыл кетеді. Жобаны іске асыру 2019 жылы басталмақ, оған дейін Қазақстан және Қытай мемлекеттік органдары арасында бірқатар келісімдер жасалуы тиіс", – деп түсіндірді Артықбеков.
Бұл көлік жасау жобасының өндірісі толық циклді болмақ, яғни техника дәл сол зауыттарда құрастырылып шығарылады.
Қытайдағы қазақтар қандай қиындыққа тап болды
Артықбековтың сөзіне сүйенсек, бастапқы кезеңде DongFeng жобаға 500 миллион АҚШ долларын құяды. Ал инвестицияның жалпы сомасы – 3 миллиард доллардан асады.
"3 мыңнан 4 мыңға дейін жұмыс орны пайда болады. Кадрларды дайындау үшін жоба аясында білім беру орталығы салынады. Солардың арасынан жұмысшылар іріктелініп, біліктілікті арттыру мақсатында Қытайға жіберіледі, кейін Петропавлға қайтып келеді. Берілген аумақта тұрғын үй кешендері бар үлкен шағын аудан құрылып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады, себебі компания талаптарының бірі – адам жұмысына жаяу жиырма минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс", — дейді ол.