АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Қазақстанда зейнетақы мөлшері қалай есептеледі? Зейнетке кімдер ерте шығуға құқылы? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақстан материалынан таба аласыздар.
Зейнетақы неден құралады?
Зейнетақы төлемі үш деңгейден құралады:
- Базалық зейнетақы
- Ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы (1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты)
- Жинақтаушы зейнетақы (1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін қорға аударылып отырған жарна есебінен)
Тағы оқыңыз: Бірінші шілдеден бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгерді?
Базалық зейнетақы
Бұған дейін Қазақстанда базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленетін, яғни 15 274 теңге шамасында. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді оның мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 6 процентке өсті.
Егер бүгінде барлық зейнеткерге базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде немесе 15 274 теңге төленсе, онда 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артты.
Егер зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%, яғни 15 мың 274 теңге төленеді. Яғни 10 жылға дейін – бұл кепілдендірілген көлем. Қазақстанда базалық зейнетақыны бұл сомадан төмен ешкім алмайды. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда тағы 2% үстеме қосылады. Мәселен, 11 жыл еңбек өтілі барлар төменгі күнкөріс деңгейінің 56% алатын болады. Ал еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100% немесе 28 284 теңге төленеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда базалық зейнетақы алатын 2 миллион 148 мың зейнеткер бар. 940 мыңға тарта зейнеткерге базалық зейнетақы 100 процент, яғни 28 284 теңге төленеді. Тағы 43-44%-ы, яғни 931 мыңы 74%-тен 90%-ке дейін алады. Ал 120 мың зейнеткерге күнкөріс деңгейінің 54%-і, яғни 15 274 теңге төленеді.
Тағы оқыңыз: Кімдер 45 жасында зейнетке шыға алады?
Ынтымақты (еңбек) зейнетақы
Ынтымақты жүйеде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі есептеледі және ол еңбек өтілі мен жалақыға тәуелді болады. Егер еңбек өтілі болып, бірақ зейнетақы есептеу үшін табысы жеткілікті болмаса (жалақысы төмен болды), онда ең төменгі зейнетақы төленеді – 33 745 теңге.
Ынтымақты зейнетақы 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс өтілі бар азаматтарға жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Басқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы мөлшері оның қатарынан тұрған үш жылғы табысын есептеу арқылы, яғни 36 ай бойы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасы 36 айға бөлу арқылы есептелінеді.
Ынтымақты зейнетақының мөлшері орташа айлық табыстың 60%-ін құрайды.
Орташа айлық табыстың жоғарғы шегі 46 айлық есептік көрсеткішпен шектеледі. Бұл 2018 жылдағы жағдай бойынша – 110 мың 630 теңге.
Ынтымақты зейнетақыны толық алу үшін еңбек өтілі ерлерде 25 жылдан, ал әйелдерде 20 жылдан кем болмауы тиіс. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қажетті еңбек өтілінен артық жұмыс істеген адамға әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 процентке өсіріледі, бірақ ол зейнетақы есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 процентінен аспауы керек.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы көп болу үшін не істеу керек?
Жинақтаушы зейнетақы
Әр жұмыс беруші қызметкердің ай сайынғы табысының 10%-ын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде тұрақты түрде аударып отыруы керек. Ақша жұмысшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шотына аударылады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруды Ұлттық банк ҚР президенті жанындағы зейнетақы активтерін басқару кеңесімен бірлесіп жүзеге асырады. Бүгінде қорда міндетті зейнетақы жарнасы бойынша 9,6 миллионан астам шот ашылған. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша қорда 8 триллион теңгеден астам ақша жатыр.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған азаматтарға жасалатын жеңілдік
Белгілі бір себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған азаматтарға жұмыссыз жүрген жылдар еңбек өтілі болып жазылады.
- Бала күтімімен үш жыл үйде отырып қалғандар, бірақ бұл уақыт 12 жылдан аспауы тиіс.
- 1 және 2 мүгедектерді, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласын, сондай-ақ, 80 жастан асқан қарияларды бағып отыратындар.
- Қызмет бабымен басқа бір жерге жіберілген әскери адамдардың жұбайлары. Егер оған сол жерде жұмыс табылмаса, онда жұмыссыз жүрген уақыт еңбек өтілі деп жазылады.
- Дипломаттардың жұбайлары
Тағы оқыңыз: Баспана алу үшін зейнетақы қаржысын пайдалануға бола ма?— Ақышевтың жауабы
Зейнетке кімдер ерте шыға алады?
Қазіргі таңда зейнетке ерте шығатын бірнеше топ бар.
- 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде төтенше және жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрған азаматтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.
- бес немесе одан да көп баланы өмірге әкеліп, оларды сегіз жасына дейін тәрбиелеген аналар. Олар зейнетке 53 жасында шыға алады.
- зейнетақы аннуитетін сатып алған жағдайда, ер азаматтар – 55 жасында, әйелдер – 50 жасында.
Зейнетақы қорындағы ақша қандай жағдайда толық көлемде төленеді?
1. Егер Қазақстан азаматы басқа елге қоныс аударып, сол мемлекеттің азаматтығын алса;
2. Азамат қайтыс болған жағдайда, отбасы мұрагер ретінде алты айдан кейін ақшаны алуға құқылы
3. Зейнетақы аннуитеті арқылы. Ол үшін қорда жинақталған зейнетақы жарнасының сомасы аннуитетті сатып алуға жеткілікті болуы керек.
Аннуитет үшін ерлердің шотында – 9 миллион, әйелдерде – 13 миллион теңге болуы керек.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын кімдердің алатыны белгілі болды
Зейнет жасы
Бүгінде зейнет жасы ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас және алты ай. Алайда жыл сайын әйелдердің зейнет жасы артып отырады, өзгерістер 1960-1964 жылдар аралығында туған әйелдерді қамтиды.
Әйелдер үшін зейнет жасының кезең-кезеңмен артуы:
- 2018 жылдың 1 қаңтарынан — 58,5 жас;
- 2019 жылдың 1 қаңтарынан — 59 жас;
- 2020 жылдың 1 қаңтарынан — 59,5 жас;
- 2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жас;
- 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жас;
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жас;
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жас;
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жас;
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жас;
- 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жас.
Кімдер зейнетақы қорындағы ақшасын толық алуға құқылы?
Жақыпова ер азаматтар 55 жасында зейнетке шыға алатынын айтты