АСТАНА, 17 шілде — Sputnik. Шымкентте ер адам кәмелетке толмаған баланың аяғына оқ атты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Түркістан облысы ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.
"Шымкентте кәмелетке толмаған баланың аяғынан жаралануы фактісі ҚР ҚК "бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді", — делінген хабарламада.
Күдікті қамауға алынды.
Сараптама белгіленді, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте қой бағып жүрген жасөспірімді белгісіз азамат мылтықпен атып кеткен болатын. Оқыс жағдай 16-шы шілде күні кешкісін сағат 20:00 шамасында "Достық" шағын ауданында болған, деп хабарлаған еді otyrar.kz.
Жасөспірім достарымен бірге қой бағып жүргенде қымбат көлік мінген азамат "бұл жерге мал бақпа" деп ескерту жасаған. Алайда еш нәрседен қауіптенбеген жеткіншек малын бағып жүре берген. Арада аз уақыт өткен соң қымбат көлікпен келген жер қожайыны балаға бірнеше рет оқ атып, жаралап кеткен.