АСТАНА, 17 шілде — Sputnik. Қазақстан халқы Telegram-бот арқылы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар қызметтерді пайдалана алады, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясы.
Енді @EgovKzBot ботының көмегімен азаматтар емханаға тіркеліп, дәрігерге жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыруға болады.
Бұдан бұрын Қазақстанда бірнеше сервис іске қосылып, солардың арқасында Telegram-бот арқылы мекенжай анықтамасын, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысы туралы анықтама, сотталмағаны туралы анықтама, жылжымайтын мүлкінің жоқтығы туралы анықтама, тіркелген жылжымайтын мүлік құқықтары туралы анықтама алуға болатын. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы көлемін біліп, әлеуметтік мәртебе туралы ақпарат ала аласыз.
Қызметті пайдалану үшін "Мобильді азаматтар базасына" тіркелу керек, яғни телефон нөмірін eGov.kz порталындағы жеке кабинетке бекітіп, смартфонда Telegram-ботты іске қосу қажет. Әрі қарай SMS-код арқылы әмір жіберіп, анықтаманы немесе ақпаратты алуға, кейін оны электронды поштаға жөнелтуге болады.
Қазір де Telegram-ботқа 8,2 мың адам тіркелген, олар осы уақыт аралығында 8,5 мың сұратуды жүзеге асырып үлгерді.