АТЫРАУ, 13 шілде — Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасынан жалын аралас қара түтін шықты, қала тұрғындары жарты сағат бойы алауға куә болған, деп хабарлайды Sputnik "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
БАҚ мәліметіне сүйенсек, оқиға 12 шілдеде шамамен түстен кейін төрт жарым кезінде болған.
Үрейі ұшқан қала тұрғындары жанталаса жедел құтқару қызметтеріне хабарласыпты. Халықтың қорқынышын сейілту үшін облыстық әкімдік жергілікті БАҚ-қа түсініктеме берді.
"Бастапқы мәлімет бойынша, компрессордың тоқтап қалуы салдарынан жанармай газы мұржаға шығып, түтінмен араласып кеткен", — деп хабарлады Атырау облысы экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов.
Шенеуніктің айтуынша, зауытта жұмыс тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр.