АСТАНА, 11 шілде — Sputnik. Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыруды үш айға тоқтатуға шешім қабылдады.
РИА Новости хабарлағандай, биыл Ресей ғарыштан бес зымыран ұшырған екен. Естеріңізге сала кетсек, өткен сейсенбіде Байқоңырдан "Прогресс МС-09" жүк кемесі аттандырылып, қас қағым сәтте Халықаралық ғарыш станциясына жеткен болатын.
"Шілде, тамыз және қыркүйекте зымыран ұшырылмайды. Алдағы ұшыру қазан айына жоспарланған. "Союз МС-10" басқарылатын ғарыш кемесі 11 қазанда аттанбақ", — деп хабарлады агенттікке сұхбат беруші.
Жоспар бойынша, ХҒС-ға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хайг сапар шегуі тиіс.
Ресей, Германия және АҚШ азаматтары Байқоңырдан ғарышқа сапар шекті
Сонымен бірге, 31 қазанда "Прогресс МС-10" жүк кемесі ұшырылады. Әрі жыл соңында Мысырдың EgyptSat-A спутнигі, "Благовест" әскери аппараты және 20 желтоқсанда тағы бір басқарылатын кеме "Союз МС-11" аттандырылады.