ТАЛДЫҚОРҒАН, 10 шілде– Sputnik. Талдықорғанда арнайы мақсаттағы жасақ жауынгерлері туған әкесі кепілге алған бес жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін таңертең сағат 11.00 кезінде болды. Полицияға Жастар шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде шыққан жанжал туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары 41 жастағы отағасының бөлме есігін ішінен жауып алып, өзінің ұлын кепіл алғанын анықтады. Ол баласының үстіне белгісіз сұйықтық құйып, жағып жіберемін деп қорқытқан.
Келіссөздер нәтиже бермеген соң арнайы мақсаттағы жасақ жауынгерлері шұғыл шешім қабылдап, үйге басып кіреді. 11-15-те бала босатылды, ол зардап шеккен жоқ, қазіргі уақытта туғандарының жанында. Ер адам полицияға жеткізілді.
Аталған оқиға бойынша тергеуді Алматы облысы ішкі істер департаменті бақылауға алды. Тергеу барысында ер адамның психикалық жағдайы тексеріледі.
Отбасындағы жанжалдың себебі әзірге белгісіз.