АСТАНА, 10 шілде — Sputnik. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов "KADEX" көрмесінде қаза тапқан ер адамның отбасына неге әлі көмек көрсетілмегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз ақша аудару үшін есепшот сұрадық. Алғаш болып көрменің оператор компаниясы сұрады, кейін министрлік жүгінді. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай есепшот алған жоқпыз. Сондықтан біз қазір күтіп отырмыз", — деді Атамқұлов үкімет кулуарында.
Еске сала кетсек, 24 мамырда Астанада өткен "KADEX-2018" көрмесі аумағында қатты желден стенд құлап, ер адам қаза тапқан еді. Ер адамға алғашқы көмек көрсетілгенмен, ол ауруханада көз жұмған. Құлаған жарнама конструкциясын "Астана Экспо КС" ЖШС компаниясы жалдаған мердігер орнатыпты.