АСТАНА, 3 шілде — Sputnik. София роботы Қазақстан президенті кім деген сұраққа жауап бере алмады.
"Нақтырақ айтасыз ба?", — деді София одан мемлекет басшысы туралы алғаш рет сұрағанда.
Сұрақ екінші рет қойылғаннан кейін залда тыныштық орнады. София жауап іздеді, бірақ таба алмады.
"Атақты адамдардың бірі болса керек", — деді ол біраздан кейін.
Қытайдың AngelVest венчурлық криптоқорының негізін салушы Дэвид Чен София сұраққа интернеттің көмегімен жауап беретінін түсіндірді.
"Кібіртектеп қалуына желіге қосыла алмай қалуы себеп болуы мүмкін", — деді Чен.
Америкалық компания роботқа сальто жасауды үйретті>>
Сейсенбіде София Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің форумында сөз сөйледі, кейін оқушылармен тілдесті.
Ол ауа райы, сүйікті түсі мен көңіл күйі туралы сұрақтарға оңай жауап берді, дегенмен күрделі сұрақтардан сүрініп кетті.
Инвестор Дэвид Чен Софияны "қосардан" бұрын киборг туралы кеңірек әңгімелеп берді.
Ченнің айтуынша, София Қазақстанның азаматтығын алудан бас тартпайды. Алдағы уақытта роботқа қазақ және орыс тілдерін үйрететін бағдарлама орнатылуы мүмкін, деп толықтырды ол.
Ол София мәңгі "өмір сүре алатынын" мәлімдеді. Чен Софияның әлемді басып аламын деген сөзі қалжың екенін ескертті.
"Роботтарды адам жасайды. Демек, олар адамға қызмет етеді", — деді ол.
Софияның форумдағы жауаптары бағдарламаға енгізіліп қойған.
"Қарапайым сұрақтарға жауап бере алады. Ол кішкентай бала сияқты, шамамен екі жаста", − деп атап өтті Чен.
Чен осы аптада София Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі деп жоспарланып отыр.