АСТАНА, 3 шілде — Sputnik. Әлеуметтік желі пайдалану, интернетте отыру – жастардың ермегі деп санайсыз ба? Олай болса, мына супер-әжелер ойыңызды түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Супермодель әже
Он немеренің әжесі әрі Time журналының мұқабасына суреті шыққан танымал модель – миллиардер Илон Масктың анасы Мэй Маск 70 жасқа келсе де, оқырмандарын тәнті етуден жалықпайды. Белсенді әрі ақ жарқын Маск суреттерін Желіге жиі салып, табынушыларын айшықты образдарымен қуантып отырады.
Суретші әже
Суретші Валери фон Собелдің жасы 70-тен асып кетсе де, шығармашылықтан қол үзе қоймаған. Қайталанбас киімдері мен алуан түрлі қалпақтары фон Собелдің бет бейнесіне айналды.
Жұлдыз әже
Бірнеше жыл бұрын зейнеткер Бадди Винкл әлеуметтік желілерде ерекше танымалдыққа ие болды. Қазір де оқырмандарын айрықша киім үлгілерімен таңғалдырып келеді. Суға шомылуға арналған киімдер жарнамасына түскен Винкл әжейдің Instagram-да үш жарым миллионнан астам оқырманы бар. Қызғылт бояу, көк көзілдірік, айшықты көйлек – Винкл ештеңеден тайынбайды.
Позитив әже
Эмико Мори өзін моделі етіп алған немересінің арқасында Желіде танымал болды. Интернетте Мориді ең сүйкімді әже дейді. Түрлі түсті киімдерімен түскен суретін көргенде кімде-кім тамсанып қалары анық.
Рэпер әже
Қазақстандық әжелер де шетелдік құрбыларына ілесіп, заманауи үрдістерді қапы қалдырмайды. Зейнеткер Марьям Амраева Скриптониттің кім екенін жақсы біледі. Ал Желідегі парақшасын немересі жүргізеді екен.