АСТАНА, 2 шілде — Sputnik. Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ қызметкерлері Владимир Чаплинскийді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Чехиядан экстрадициялады.
Қылмыскерді ұстап беру туралы Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауын Чехияның әділет министрлігі қанағаттандырды.
Чаплинский 2007 жылы "Агат-7" ЖШС-нің директоры лауазымын иеленген кезінде мемлекеттік мекемемен Балқаш қаласында мектеп салу туралы шарт жасасқан. Қызметін асыра пайдаланған ол жұмыс актілеріне жалған мәліметтерді енгізіп отырған. Оған 39 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдік тағылды.
Содан бері Чаплинский қылмыстық тергеу органдарынан жасырынып жүргендіктен, халықаралық іздеуде болды.
Бас прокуратура оның елге берілу жұмыстарын 2011 жылдан бері жүргізген.
Қазір Владимир Чаплинский Астана қаласының тергеу изоляторына жеткізілді.