АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Орта салмақтағы WBC/WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин "Канелоға" қарсы өтетін жекпе-жектен не күтетінін айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
"Келісім аяқталып, қарымта жекпе-жек өтетініне қуаныштымын. Абель Санчеспен Биг Бэардағы жұмысқа оралуға дайынмын. Бұл бокстағы ең үлкен жекпе-жек, барлығы тағатсыздана күтіп жүр. Бұл айқаста ең үздігі анықталады. Бұл бокс тарихы үшін қажет. Мексика тәуелсіздігі күні титулдарымды қорғайтыныма қуаныштымын. "Канело" рингке соңғы болып шығуы, соңғы болып таныстырылуы мүмкін. Бірақ, шаршы алаңнан кімнің соңғы болып кететіні маңызды, ол әлем және халық чемпионы ретінде мен боламын. Big drama show-да көріскенше", — деп келтірді Геннадийдің сөзін ESPN.
Айта кетсек, Головкин-Альварес қарымта жекпе-жегі 15 қыркүйекте Лас-Вегасте сағат 17:00-де (Астана уақытымен 16 қыркүйек, таңғы 06:00) басталады. GGG мен "Канело" WBA, WBC және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулына таласады.