АСТАНА, 28 маусым – Sputnik. Түркістан облысында білдей бір аудан әкімі аула сыпырушылар мен қоқыс тазалаушылардың моншаға түсіп, таза болып жүруін өз бақылауына алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төлеби ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мұндай қадамға не себепті барғанын былайша түсіндіріп берді:
"Біз бірінші тазалыққа көп көңіл бөлдік. Коммуналдық саладағы жұмысшылардың көбі жағдайы төмен отбасылардың адамы. Алған жалақысы киіміне, кейде тамағына жетпейді. Оған бала-шағасын қосыңыз. Қарасам, шаштары өсіп кеткен, жағдайлары жоқ. Коммуналдық мекемедегі жұмысшылардың айлығын екі есеге көбейтіп, тіпті жұмыс барысында бір мезгіл ыстық тамақ беретін жағдай жасадық. Арнайы бөлме қарастырдық, себебі қыс мезгілінде киімдерін кептіріп алып, шайын ішіп, тынығуы қажет. Оған қоса мекеме есебінен олар аптасына бір рет моншаға түседі, айына бір рет шаштаразға барады. Біз жұмысты талап ету үшін алдымен жағдай жасауымыз қажет".
Сұхбат барысында Төлеби басшысы ауданның тазалығына жауапты мекеме техникадан таршылық көріп отырған жоқ деп ағынан жарылды. Алдағы уақытта бұл мекемелерді жекенің қолына өткізіп, жұмысшылардың жалақысын тағы да көтеруді жоспарлап отыр.
Бұқарбай Парманов бұл қызметке 2016 жылдың тамызында келді. Оған дейін коммуналдық саланың қарапайым жұмысшылары 30 мың теңге жалақы алып келген болса, бүгінде олардың табысы 60-70 мың теңгені құрап отыр. Аудан бойынша тазалыққа жауапты 100-ге жуық жұмысшы тынбай еңбек етіп келеді.
Жұмысшылардың таза болып жүруіне алаңдаған шенеунік бұл жағдай әрмен қарай жалғаса беретінін жеткізді.
"Техникасы, басқасы бар. Осының барлығымен қамтамасыз етіп, тазалықшылардың көңіліне қарап жұмыс жасап жатырмыз. Олар қазір де моншаға, шаштаразға мекеме есебінен барып жүр. Оны тоқтатпау керек, бір рет жасасаң көзбояушылық болады", — деді Төлеби ауданының басшысы.