АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Конституциялық кеңес Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы", сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне түзетулер енгізуге қатысты заңдар республика Конституциясына сәйкестігін анықтау жөніндегі өтінішін қарады.
"Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі (…) оларды Республика Конституциясына сәйкес келеді деп тапты", — деп жазылған Конституциялық кеңестің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
"Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" заң биылғы жылдың көктемінде парламентте қабылданды. Заң нормаларына сәйкес Назарбаев – елдің тұңғыш президенті Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық ету құқығына ие болады.