АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Астанада 22 маусым күні Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаменті басшысының қызы қаққан. Бұл туралы Астана ІІД басшысының орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әділовтің айтуынша, 22 маусым күні сағат 20.56-да ІІД Жедел басқару орталығының "102" пультіне жол апаты туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Астана ІІД жедел тергеу тобы, департамент басшысы, Есіл ауданы ішкі істер басқармасының жауапты басшылары, прокуратура қызметкерлері аттанған.
"Жүргізуші Мұхитова "Hyundai IX Tucson" көлігімен Мәңгілік ел көшесінде солға бұрылмақ болғанда, Сүлейменов айдап келе жатқан мотоциклмен соқтығысты. 1991 жылғы жігіт оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті сотқа дейінгі тергеулер реестріне тіркелді. Қазіргі таңда ҚР ҚК345 бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші Мұхитова жол апатынан кейін оқиға орнында болды. Қажетті тергеу шараларынан жалтарған жоқ. Тексеріс барысында жүргізушінің ішімдік ішпегені, есірткі қолданбағаны анықталды", — деп мәлімдеді департамент басшысының орынбасары.
Оқиға болған күні күдікті Мұхитовадан жауап алынған. Оның үстіне қылмыстық іс бойынша оқиға орнына алғаш келген жедел жәрдем дәрігерлерінен, куәгерлер мен бірінші келген полицейлерден жауап алынды. Сондай-ақ, оның айтуынша, жол апаты Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнебақылау жазбасы 22 маусым күні тәркіленіп, қылмыстық іс материалына қосылды.
ІІД басшысының орынбасары Ескендірді көлігімен қаққан жүргізушінің әкесі құқық қорғау органдарында істейтінін растады.
"Жүргізуші Мұхитованың әкесі ішкі істер органдарының қызметкері екенін растаймын. Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы –Қайрат Болатұлы Мұхитов, полиция полковнигі", — деп нақтылады ол.
Анықтау басқармасының басшысы Асылжан Қалдарбеков күдіктіге қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасы таңдалғанын мәлімдеді.
"Мұхитова Малика Қайратқызы, 1989 жылы туған. Дәл қазір Астанада. Біздің тергеу әрекеттеріне еш кедергісіз қатысып жатыр. Есіл аудандық сотының шешімімен кепіл түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды", — деді ол.
Кепіл сомасы – 601 250 теңге. Аталған жол апатының тергеу барысы Астана ішкі істер департаменті басшылығының бақылауында.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 26 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан.
25 маусым күні жазушының немересін Алматыда ақтық сапарға шығарып салды.
Марқұмның құрбысы Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұқбатында Ескендірді қаққан қыз "қарапайым емес" екенін айтқан болатын. Жас жігіттің туыстары әділ үкімге қол жеткізуді көздеп отыр.
Үйленгелі жүр еді: Ескендір Сүлейменовтің өмірі жайлы жақын құрбысы айтып берді>>
Олжас Сүлейменовтің немересі жол апатынан көз жұмды – оқиға орнынан видео>>
"Сізбен бірге жүрегім қан жылап тұр". Министр Олжас Сүлейменовке көңіл айтты>>