Қоғам

Халық банк қазақ тілінің орнына неге қытайша қызмет көрсетілгенін түсіндірді

© ИА Новости-Казахстанбанкомат
банкомат - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Банк банкоматтары қытай тілінде 2006 жылдан бастап қызмет көрсетеді

АСТАНА, 22 маусым — Sputnik. Қазақстан халық банкі банкоматтарына төртінші тіл болып қытай тілінің неге енгізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін әлеуметтік желіде Нұрлан Сәдірбекұлы есімді азамат видео жариялап, Халық банкінің банкоматтары қазақ тілінің орнына қытайша қызмет көрсете бастағанын айтып, жұртты шулатты. Айтуынша, ақшасын алмақшы болып, қазақ тілін таңдаған кезде, соманы енгізген соң ол қытай тіліне ауысып кеткен. 

Sputnik Қазақстан Халық банкіне хабарласып, жағдайдың мән-жайын сұрады. 

"Бүгін, таңғы сағат 8 шамасында Өтеген батыр 82А мекенжайында орналасқан банк банкоматында, клиенттің қазақ тілін таңдау барысында өкінішке орай техникалық ақаулар орын алып, автоматты түрде қытай тілінің таңдалуы жайында әлеуметтік желідегі банктің ресми парақшасына шағым келіп түскен болатын. Орын алған олқылық тиісті бөлімге шұғыл жолданып, толықтай бұл мәселе түзетілді. Қазіргі уақытта меңзеген банкомат еш ақаусыз қалыпты түрде қызмет атқаруда. Сондай-ақ, атаулы жағдай тек бір ғана банкоматта байқалғанын айта кетейік", — деп жазылған банктің агенттіктің сауалына жіберген жауабында. 

Банк алдағы уақытта осы сынды келеңсіздікті болдырмау мақсатында еліміздің барлық өңірінде орналасқан банкоматтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Бұдан бөлек, банк қытай тілінің банкоматтарға 2006 жылы енгізілгенін еске салып өтті. 

"Халық банктің клиенттері Қытайдың China UnionPay халықаралық төлем жүйесінің карталарын пайдалануына байланысты атаулы төлем жүйесі шығарған карталар арқылы банкоматтарда қолма-қол ақша қаражатын алу транзакциясы жиі жүргізілу есебінен, тек клиенттерге ыңғайлы болу мақсатында қосымша қытай тілі енгізілген. Банк банкоматтары қытай тілінде 2006 жылдан бастап қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда банктің кез келген клиенті банкоматта өзіне ыңғайлы 4 тілдің бірін  — қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілін таңдап, қызметті тұтына алады", — дейді банктегілер. 

Қазақстан Қытай азаматтары үшін визаны алып тастағаны рас па? СІМ жауабы>>

Фотодерек: Назарбаев Қытай басшысына не айтты?>>

Ақжарқын Тұрлыбай Қытай түрмесінде немен айналысып жүр?>>

 


Жаңалықтар
0