АСТАНА, 20 маусым — Sputnik. Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік ауданы мен Батыс Сібір арқылы бірінен соң бірі ығысқан атлантикалық циклондардың ықпалынан республиканың солтүстік жартысында ауа райы жаңбырлы, салқын болды. Оңтүстік облыстардағы жауын-шашынсыз ыстық ауа-райы жоғары атмосфералық қысым өрісіне байланысты болды. Алдағы үш тәулікте атмосфералық процестер қайта өзгеріп, Қазақстанға Батыс Сібірдің солтүстік аудандарынан салқын және ылғалды ауа келе бастайды. Сондықтан республиканың солтүстік облыстарында ауа температурасы төмендеп, найзағайлы жаңбыр және күшті солтүстік-батыс желі болжанады", — деп хабарлайды синоптиктер.
Республиканың оңтүстік облыстарында 23 маусымға қарай ыстық бәсеңдеп, ауа температурасы 33-38 градустан 28-35 градусқа дейін төмендейді.