АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Қырғызстанда асханалардың бірінде Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасы қызметкерінің формасын киген клиент тамаққа қандай да бір қоқысты салып жіберіп, даяшыға шағымдана бастаған. Болған жайттың видеосы Facebook-те жарияланды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Оқиғаны бақылау камерасы түсірген. Жазбада автоинспектордың киіміндегі ер адамдар қоғамдық тамақтану орнында отырғаны көрінеді. Олардың бірі майлыққа оралған қара затты алып, тамаққа қосып жібереді де, дереу даяшыны шақырады.
Жазба авторы ер адам тамақтың ақшасын төлемеу үшін осындай әрекетке барғанын айтады.
ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының баспасөз қызметі оқиға Боом шатқалындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болғанын хабарлады. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Алдына ала мәлімет бойынша дәмхана әкімшілігі шағым түсірмеген.
Food Zone асханасының әкімшісі Азат Асивеевтің айтуынша, жанжал 17 маусым күні болған.
"Милиционер видео жүктелгеннен кейін дереу бізге келді. Ол жанжал кезінде қызбалыққа салынғанын айтты. Біз сөйлесіп, татуластық", — деді Асивеев.