АСТАНА, 18 маусым — Sputnik. Аса ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий (5-0, 5 КО) кәсіпқой бокстағы алтыншы жекпе-жегінде грузиялық Иракли Гвенетадзені (10-7, 9 КО) нокаутпен жеңді, деп хабарлайды prosports.kz.
Отандасымыз Киевте өткен бокс кешінің андеркартында жұдырықтасты. Бұл кештің басты жекпе-жегі WBA жеңіл салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы украиналық Артур Далакян (16-0, 11KO) мен Таиланд боксшысы Сиричай Тайен (50-3, 35KO) арасында өтті.
Негізі жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған болатын. Алайда қазақстандықтың ауыр соққыларынан кейін кездесу мерзімінен бұрын аяқталды. Бірінші раундта жеңіс техникалық нокаутпен Жан Кособуцкийге берілді. Осылайша, ол алтыншы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады.
Ал 27 жастағы грузиялық боксшы 10 айқас өткізіп, оның 8-інде жеңіліске ұшырап отыр.
Айта кетейік, кеше қазақстандық Иван Дычко 21 жекпе-жекте жеңіске жеткен америкалық Майкл Марронені бірінші раундта сұлатып салған болатын. Сондай-ақ Жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін нокаутпен аяқтады.