Мәдениет

Домбыра күні. Қазақстандықтар жаңа мерекені қалай атап өтеді?

© Sputnik / Анатолий УстиненкоДомбыра
Домбыра - Sputnik Қазақстан
Жазылу
1 шілде күні елордадағы "Қазақ елі" монументінің алдында халықтық серуен өтеді, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтар "Домбыра – асыл мұра" концертін тамашалайды

АСТАНА, 15 маусым – Sputnik. Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов Ұлттық домбыра күні елордада ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Домбыра - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанада 500 домбырашы бір мезгілде күй орындайды

Таяуда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елмізде жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні енгізілгенін жариялаған болатын. Ұлттық домбыра күні шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Яғни, бұл мереке биыл 1 шілдеге сәйкес келіп тұр. 

Мажағұловтың айтуынша, бұл күні "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда халықтық серуен өтеді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық аспаптардың музейі ашылады. Әрине, басты орында домбыра болады. Музейде Дина Нұрпейісова, Құрманғазы, Ахмет Жұбанов сынды ұлы тұлғалардың домбыралары көпшілік назарына ұсынылмақ. 

"Еліміздің мыңдаған музыкант домбырашысының қатысуымен "Домбыра – асыл мұра" концерті мерекенің көркін келтіреді. Көрермендер танымал қоғам қайраткерлері Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған ағаларымыздың, сонымен бірге Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, "Арт Домбыра" триосы, "Музарт" тобының өнерін тамашалайды. Бұған қоса, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, "Отырар сазы" ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі сахна төріне шығады", — деді Мажағұлов баспасөз мәслихатында. 

Бұл күні күй тартқысы келген әр қазақстандық сахнаға шығып, өз өнерін көрсете алады. Ол үшін www.asyldombyra.kz сайтында тіркелу қажет. Бұған қоса, қатысушылар міндетті түрде "Көңіл ашар", "Адай", "Балбырауын", "Ерке Сылқым", "Сарыарқа" күйлерін жатқа білуі шарт. 

"Қазіргі таңда сайтта 1300 домбырашы тіркелді. Мерекеге дейін әлі 15 күн бар. Біз шамамен екі жарым-үш мыңдай қатысушы болады деп жоспарлап отырмыз. Бір мезетте осыншама көп адамның домбырамен күй шертуі Астанада бұрын-соңды болмаған. Мен де міндетті түрде бұл концертке қатысамын, өйткені мен үшін домбыраның орны бөлек", — деген басқарма басшысы барша қазақстандықты домбыра тартуға шақырды. 

Осы орайда Болат Мажағұлов Астана әкімі Әсет Исекешевтің де домбыраға қызығушылығы оянғанын атап өтті. Алайда қала басшысының мерекелік шараға қатысып-қатыспайтыны белгісіз екен.

Назарбаев Алматының жаңа музейінде домбыра тартты - Sputnik Қазақстан
Назарбаев Алматының жаңа музейінде домбыра тартты

"Сіздер білесіздер ме, қазір әкім домбыраға қатты қызығып жүр. Тіпті домбыра үйрену сабағына қатысып жүр… Ал шараға қатыса ма, ол жағын білмеймін. Оны өзі шешеді, бірақ дайындалып жатыр", — деді мәдениет және спорт басқармасының басшысы. 

Мажағұловтың айтуынша, Ұлттық домбыра күнін енгізу идеясы 1 мамырда "Бәйтерек" монументі алдында өткен "Ұлы дала үні" флешмобына дайындық барысында пайда болған. Ол күні Астана төріне 500 домбырашы жиналып, қазақтың танымал күйлерін орындаған еді.

Жаңалықтар
0