АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Қайта жөндеуден өткен Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Астананың 20 жылдығына — 20 нысан" акциясы аясында өткен cалтанатты іс-шараға облыс əкімі Жансейіт Түймебаев, қала əкімі Нұрлан Сауранбаев, депутаттар мен қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Заман талабына сай, ашық табиғи ортаға бейімделген "Африка" аймағындағы павильондар зообақтың көркін одан сайын аша түседі.
Енді "Африка" аумағын жан-жануармен толықтыру мақсатында ЕАРАЗА құрамындағы зообақтардан аңдарға сұраныс берілді. Одан бөлек Mafunyane, Amazonia Zoo, Animals azia, International Zoo секілді әлемнің басқа да құрлықтарынан жануар алып келетін фирмалармен келіссөздер жүргізілді.
Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай 2020 жылы жануарлар түрін 1000-ға және келушілер санын бір миллионға жеткізу жоспарлануда.