АСТАНА, 10 маусым — Sputnik. Антарктидадан табылған пластик қалдықтары мен улы заттар планетаның қатты ластанғанын дәлелдейді. Гринпис Халықаралық табиғатты қорғау ұйымы осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлады Хабар 24.
Биылғы жылдың басында мамандар осы құрлықта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ғалымдар су мен қар құрамында пластик пен химиялық заттардың бар екенін анықтады. Зиянды заттар қоршаған ортаға әртүрлі жолмен таралады.
БҰҰ-ның дерегі бойынша синтетикалық материалдардың 10 пайызы ғана қайта өңделеді. Осы ретте экологтар тұтынушыларды бір рет пайдаланылатын ыдыстар мен пакеттерден бас тартуға шақырады.
"Мұхитқа тасталатын қоқыстың 70-80 пайызы – пластик. Синтетикалық материалдан жасалған заттарды бірнеше минут қолданасыз, ал оның іріп-шіруіне мыңдаған жыл кетеді", — дейді биолог Грант Оукс.