АСТАНА, 8 маусым — Sputnik. Қазақстанда 2025 жылға қарай аз қамтылған азаматтардың табысы көтеріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда халықтың 40%-ы – аз қамтылғандар. Олардың табысы 2025 жылға қарай 22,8%-дан 27%-ға дейін арттырылады.
"Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімін 46,1 мың АҚШ долларына дейін, еңбек өнімділігін жылына орта есеппен 4,7%-ға жеткізу міндеті тұр. Елдің әлеуетін көтеру міндеті халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар жүруі қажеттігін жақсы түсінеміз", — деп келтірді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзін баспасөз қызметі.
Бұл үшін, министрдің айтуынша, халықтың өмір сүру ұзақтығын 72-ден 75 жасқа дейін көтеру, 40% аз қамтылған халықтың табысын жалпы табыс көлемінің 22,8%-нан 27%-ға дейін арттыру, орта білім беру сапасын PISA тестін (Оқушылардың білімдегі жетістігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы) қолдану арқылы жақсарту қажет.