БАЙҚОҢЫР, 6 маусым — Sputnik. "Байқоңыр" ғарыш айлағынан халықаралық экипаж мінген "Союз МС-09" көліктік кемесі бар "Союз-ФГ" зымыраны ұшырылды, деп хабарлады қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Зымыран Астана уақытымен 17:12-де сәтті түрде штаттық режимде ұшырылған.
Ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына ұзақ экспедицияға жаңа экипажды жеткізеді. Экипаж станцияда 187 күн болмақ.
Экипаждың негізгі құрамында: кеме командирі, "Роскосмос" ғарышкері Сергей Прокопьев, бортинженер, "ЕКА" ғарышкері, неміс Александр Герст және "NASA" ғарышкері, америкалық бортинженер Сирина Ауньон-Ченселлориз.
Экспедиция барысында жүк кемелермен жұмыс жүргізіліп, ғарышкерлер ашық ғарышқа шығады, Халықаралық ғарыш станциясының борттық жүйелеріне қызмет көрсетіліп, фото және видео түсірілімдер жүргізіліп, 55 ғылыми тәжірибе орындалады.