АСТАНА, 4 маусым — Sputnik. Нұртас Адамбайдың "Я – жених" фильмінің саундтрегі болған "Самая вышка" әні ұрланған болып шықты.
Нұртас Адамбай Raim & Artur дуэтінен көңілі қалғанын әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, "Самая вышка" әніне клип түсірмес бұрын әншілермен авторлық құқық туралы әңгімелесіпті. Олар продюсерді бұл жағынан ешқандай мәселе туындамайды деп сендірген. Бірақ кейін 2018 жылы хит болған әннің плагиат екені анықталды.
"Біздің студия әлдекімнің авторлық құқығының бұзылуына қарсы. Сондықтан біз клипті түсіруге және оны телеарнада ротациялауға жұмсалған қаражатқа қарамастан оны YouTube-тегі каналдан өшіріп тастадық", — деп жазды Нұртас Адамбай Instagram-дағы парақшасында.
Қазақстандық дуэттің "Самая вышка" әні америкалық әнші Майкл Санчестің Sun "Meets the Moon" туындысының өңделген нұсқасы болып шықты.