АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. Павлодарда төртінші күн 73 жастағы қария іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Петр Ткаченконың жоғалып кеткені туралы ақпарат инстаграмм әлеуметтік желісіндегі "Клуб добряков Павлодар" парақшасында жарияланды.
Отбасының танысы Юлия Коришкованың айтуынша, 73 жастағы Петр Ткаченко 29 мамыр күні таңғы сағат жетіде үйінен шығып кеткен. Сол қалпы бүгінгі күнге дейін қайтып оралмаған.
"Ата далаға төрт сағатқа ғана шығып жүретін, – деді Юлия Коришкова. – Бүгін төртінші күн үйіне келмеген. Біз оны іздеп, қаланың ауруханалары мен мәйітханаларына хабарластық. Бірақ ол жерден таппадық. Мүмкін ол құлап, есінен танып жатқан шығар".
Сондай-ақ полиция қызметкерлері мен еріктілер де іздестіруге шықты. Қарияны үйінде егде жастағы әйелі тосып отыр. Петр Ткаченконың үстінде сұр күртке, сары түсті торлы жейде, ашық сұр түсті жемпір, жасыл түсті шалбар, қара аяқ киім, қолында сұр түсті металл сағат болған.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінде 30 мамырда қарияны іздестіру туралы туыстарынан өтініш түскенін мәлім етті.
Туыстары зейнеткердің қайда жүргенінен хабардар немесе көріп қалған жандар болса, келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуды сұрайды: 87056141755 немесе "102".