АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды тегін пәтер сұрай бермей, қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бізде әлі күнге дейін барлық қала мен аудандарда тұрғындар үй кезегінде тұр. Германия, Франция, Америкада пәтер кезегінде тұрғандарды көргендер бар ма? Бұл нонсенс. Нарықтық экономикада ешқандай кезек жоқ, өйткені мемлекет тегін пәтер бермейді. Маған зейнеткерлер әлі күнге дейін жазады "Астадан пәтер беріңізші" деп. Парламентке де, министрлерге де жүгінеді. Қолданыстағы бағдарламаларға қатысыңдар", —деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Елбасы тұрмысы төмен, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы арендалық баспанада тұра алатынын атап өтті.
"Қазір мемлекетте жай алып, тегін бере салатын (пәтерді – автор ескерт.) заң жоқ", — деген Назарбаев жаңа "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы баспанасы жоқ қазақстандықтар үшін әзірленгенін айтты.
"7-20-25" бағдарламасын біз еш жерде баспанасы жоқ азаматтар үшін әзірледік. Әйтпесе бағдарлама алыпсатарлық сипатқа ие болады. Мәселен, пәтері барлар тағы бір немесе екі пәтер сатып алып, жалға беруі мүмкін. Сондықтан біз төмен жалақы алатын мемлекеттік қызметшілерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге, жастарға осындай мүмкіндік беріп отырмыз", — деді мемлекет басшысы.
Айта кетсек, "7 – 20 – 25" тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен ипотека алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.
Банктерден кредиттерді сатып алатын оператор құрылып, ол "Баспана" ипотекалық компаниясы деп аталмақ. Бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.