АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Бүгін Астанада халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатына жататын кезекте тұрған 130 отбасы жаңа қонысқа ие болды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана әкімі Әсет Исекешев Кенен Әзірбаев көшесі, 14 мекенжайда салынған үйдің тұрғындарына кілттерін тапсырды.
Жаңа үйді "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру шеңберінде "Тимур-Құрылыс" ЖШС салып шықты.
"Мен президенттік бағдарлама бойынша кілт алған 130 отбасының барлығын құттықтағым келіп отыр. Жаңа пәтер сіздерге және жақындарыңызға бақыт, жылулық пен береке әкелсін деп тілеймін", – деді қоныс той иелерін құттықтаған Әсет Исекешев.
Биыл 1000 пәтерден астам 6 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша – 386 пәтер және кезектегілер үшін жалға берілетін бағыт бойынша – 677 пәтер.
Бүгін салтанатты марапаттаудан кейін № 63 кезекте тұрған мұғалім Динара Табылдықызы өз пәтерінің есігін ашып кірді.
"Астананың 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында және қасиетті Рамазан айында мен ішкі әрлеуі жақсартылған жаңа пәтерімнің кілтін алып жатырмын. Енді заттарымды жиыстырып, көшіп келе беруіме болады. Елімізде осындай мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылып, соның арқасында мұғалімдер мен дәрігерлерге баспананың қолжетімді болып жатқанына өте қуаныштымын", – деді Динара Табылдықызы.
Қазіргі таңда демографиялық үдеріс пен көші-қон ағынын есепке алғанда баспанаға мұқтаждар саны артып келеді. Астанада кезекте тұрғандар саны – 48 722 адам.