АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Бүгін мәжілісте ақ бетперде киген қыз сөз сөйледі. Ол балаларға арналған "111" сенім телефоны оған қиын жағдайда қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгін бір қыз осында келіп, өзі тап болған қиын жағдаймен бөлісуді жөн көрді. Ол бетперде киіп, мұндай қадамға не себепті барғанын айтып береді. Біз балаларды киіндіреміз, тамағын береміз, осы жеткілікті деп санаймыз. Бірақ оның ішкі жан-дүниесіне үңілмейміз. Осындай қадамға барған кішкентай бала қалай дегенмен өмір жайлы ойланады. Ол бізге "111" телефонына қоңырау соққанда, психологтар онымен екі сағат бойы жұмыс істеді. Қазір ол өзіне қол жұмсамағанына қуанып, алғысын айтады, өйткені ата-анасы, бауырлары қасында. Балаға ойыншық, киім, білім ғана керек емес, оған, ең алдымен, махаббат, мейірім, жылулық қажет. Оларға тірек бола білейік, бұл қыздың оқиғасы бәрімізге, барша ата-анаға сабақ болады деген үміттемін", — деді Зағипа Балиева мәжілісте өткен кеңейтілген отырыста.
Бұған дейін балалар омбудсмені жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін қоғамдық балалар қозғалысын құруды ұсынған болатын.