АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Шығыс Қазақстанда көлік астына түсіп қаза тапқан жігіттің әкесі Виктор Смольников мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жолдады.
Смольников Риддер әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаевтың мас күйінде қалай жол апатына ұшырағанын айтып берді.
"Баламның жасы 18-де еді. Ол жыраға ұшып түскен, көліктің тежелу жолы 43 метр болды. Көлік тоқтаған соң, жүргізуші мен жолаушы жыраға түсіп, баламның ажал құшқанын көрген. Өскемен әкімі Қуат Тумабаев BMW X5 көлігіне мініп, жол апаты орнынан алып кетеді. Оны жол апатынан бірнеше метр алыстағанда қуып жетіп, көлікті орнына әкеп қойған, бірақ басқа бағытқа қаратыпты. Алайда Тумабаевтың өзі көлікте жоқ болатын", — деп мәлімдеді Смольников видео үндеуінде.
Ол жақында тергеу нәтижелерімен танысып, тергеушімен сөйлескенін айтты. Смольников рөлде Бауыржан Құрманбаевтың ғана саусақ іздері табылғанына аң-таң.
"Одан кейін рөлге Тумабаев отырды емес пе. Регистратордағы видеодан көрініп тұр. Тергеуші саусақ іздерінің сүртіліп қалуы мүмкін дейді", — деді Смольников.
Қаза тапқан жігіттің әкесі петиция жазып, оған бес мыңнан астам адам қол қойған көрінеді.
15 сәуірде Риддерде BMW X5 жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді. Кейінірек анықталғандай, жүргізуші – қала әкімінің орынбасары екен. Полиция мәліметіне сүйенсек, көлікті мас күйінде айдаған.
Құрманбаев жігітті қаққан кезде, көлікте Өскемен әкімі Қуат Тумабаев та болған.