АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Қазақстан парламенті сенатының депутаттары Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға құқық беретін "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы Қауіпсіздік кеңесінің құқықтық мәртебесін, құзыреті мен қызметін ұйымдастыруды айқындайды.
Заң жобасында Қауіпсіздік кеңесінің ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан президенті құратын және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болатыны көзделген.
"Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі екендігі белгіленеді", — деп жазылған заң жобасы бойынша қорытындыда.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға құқық беретін норма өткен жылы бекітіліп қойғанын түсіндірген еді. Осылайша "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұңғыш президент Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқара алады.