АСТАНА, 27 мамыр — Sputnik. Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын 20 жастағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (1-0, 1 КО) Квебектегі (Канада) Давид Лемье — Карим Ашур бокс кешінде жекпе-жек өткізді, деп хабарлады Sports.kz.
Ахмедов 34 жастағы аргентиналық Ариэль Алехандро Сампедриге (9-3, 7 КО) қарсы төрт раундтық жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Ол 84-ші секундта қарсыласының бауыр тұсынан ауыр соққы жасап, нокаутқа түсірді. Осылайша қазақстандық жас боксшы кәсіпқой рингтегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал аргентиналық карьерасында төртінші рет жеңіліске ұшырады.
Естеріңізге сала кетейік, Садриддин 7 сәуірде алғашқы жекпе-жегін Тони Баррерасқа (1-2, 1 КО) қарсы өткізіп, таңғаларлық жеңіске жеткен болатын, мексикалық бірінші раундтың 31-ші секундында-ақ нокаутқа түсті. Осы жекпе-жектен кейін UCN Live журналисі Райан Скалия "жігіттің болашағы жарқын" екенін айтты, ал оның TVA Sports-тағы әріптесі Николя Мартино "бұл есімді есте сақтауға" шақырды.
Ахмедов келесі жекпе-жегін Шавиниганде (Канада) 16 маусымда өткізеді. Қарсыласы әзірге белгісіз.