АСТАНА, 26 мамыр — Sputnik. Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында мұнай ұрлау ісі бойынша сотталушыларға прокурорлар жаза мерзімін сұрады.
Сот пікірсайысы қаланың мамандандырылған ауданаралық сотында басталған.
Сотталушылар саны 21 адам, олардың арасында кәсіпкерлер, мұнай компаниялары және күзет мекемелері жұмысшылары, сондай-ақ оларға жәрдемдескен құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары бар.
Мемлекеттік айыптаушылар сотталушы К. Басқараевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оған қылмыстық топты құрып, басқарды деген айып тағылды.
"Кызылординские вести" басылымының деректеріне сүйенсек, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне 7-10 жыл жаза мерзімі сұралса, ал олардың сыбайластарына – 4–6 жыл.
Қызылорда облысы бойынша ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы басшысы Берік Өтеновті 10 жылға соттауы мүмкін. Прокурорлар бұл жазаны әділетті деп санайды.
2017 жылы 16 мамырда Қазақстанның ҰҚК ішкі істер министрлігімен бірге еліміздің бірқатар облысында ірі көлемді арнайы операция жүргізіп, мұнайдың заңсыз айналымына қатысы бар қылмыстық топтарды құрықтаған болатын.