АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Ақтөбеде облыстық психоневрологиялық диспансерде жатқан науқас қасындағы көршісін қылқындырып өлтірді.
Times.kz басылымының жазуынша, 29 қаңтарда ақыл есі кем әйел өз палатасында ұйықтай алмай қояды. Таңғы бес кезінде шулап, маза бермеген көршісіне келіп, ұра бастаған.
"Әлі тірі екенін көрген соң, әйелдің орамалын шешіп, өлгенше қылқындырған. Яғни, қасақана ауыр қылмыс жасап отыр. Психологиялық сараптама нәтижесі бойынша М. есімді әйелдің ақыл есі кемдігі жеңіл деңгейде. Кісі өлтіру кезінде өз әрекетін өзі түсінбеген", — деп оқыды мемлекеттік айыптаушы сотта.
Қаза тапқан әйел 2012 жылдан бері мекемеде жатыпты. Психиатр дәрігердің айтуынша, мүгедектер арбасында отырған. Түнде құлап кетпесін деп, қолын төсекке таңып тастайды екен.
Екі әйел 2015 жылдан бері бір палатада жатқан. Медициналық қызметкердің сөзіне сүйенсек, араларында бұрын-соңды кикілжің болмапты.
"Мұндай жағдай мекемемізде бірінші рет орын алып тұр. Бірақ, шыны керек, қарауымыздағы науқастардың ашуға мінетін кездері болады. М. соңғы кездері өзін бір түрлі ұстап, кейде өз бетін тырнайтын", — дейді диспансердің психиатры.
Қаза тапқан әйелдің әпкесі айтқандай, дәрігерлер әуелі науқастың аяқ асты дірілдеп, көз жұмғанын хабарлапты. Алайда ол туысының мойнынан қылқындыру іздерін байқайды.
"Бастапқыда санитар әйел ашуланып, қылқындырып тастады деп ойладым. Жұмыстары оңай емес. Қандай жайт боларын кім білсін", — дейді әпкесі.
Психиатрдың айтуынша, санитар әйел науқастың көршісінің жанына отырғанын көріп қалған. Медбикелерді шақырып, дәрігер келгенде, науқастың жансыз денесін көреді.
Бұл іс бойынша сот процесі әлі жалғасып жатыр.