АСТАНА, 22 мамыр — Sputnik. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин жаңа жұмысы және оны таңдау себептері туралы айтты.
"Мемлекеттік құрылымнан кету себебім, денсаулығымды түзетуім керек, бұл бірінші кезектегі мәселе. Бірақ осымен қойдым деген сөз емес, әлі ерте. АҚШ-қа барып, емделемін де, қайта жұмысқа кірісемін. Мен сияқты жаһандық жобалармен айналысқысы келетін жігіттермен бірігіп, идеяларымды жүзеге асырамын", — деп жазды Мусин Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, цифрландыру ірі ұйымдардағы қатып қалған, бюрократтық нормаларды жойып, компаниялардың дамуына мүмкіндік беруде.
"Цифрландыру ұстанымын пайдаланып, компанияға өзгерістер енгізуді талқылау барысында Айдын Рақымбаев компанияның барлық тобының бас цифрландырушысы болып істеуді ұсынды. Шыны керек, BI Group – баспана салатын жай компания емес. Ол өнеркәсіп құрылыстарымен де, мүлікті басқарумен де айналысып, мұнай саласында да жетістікке жетуде. Бұл жағын да танып білу қызық", — деп жалғастырды Мусин.
"Бұл ұсыныс менің қалауымнан шығып, келісімімді бердім. Ортақ компаниямызды құрып, BeInTech деп атадық", — деді Мусин.
Жаңа компания цифрландыру және құрылыс бағасын төмендету немесе мерзімін азайтуға септігін тигізетін технологиялармен (машиналар, құрылғылар, есептеуіштер, өлшеуіштер, жаңа материалдар, жаңа құрылыс әдістері) айналыспақ.