АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Басты рөлді қазақ қызы сомдаған "Айка" фильмі прокатқа күзде шығады. Бұл туралы Астанаға арнайы келген фильм режиссері Сергей Дворцевой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алты жыл түсірілген фильмнің құны – 2,5 миллион еуро. Кинокартинаның өзі бір жарым айдан кейін дайын болады. Фильм прокатқа күзде шығатын шығар. Ресейде және әлемдік прокатқа күзде шығады. Ал Қазақстанда қашан көрсетілетінін Гүлнар Сәрсенова (қазақстандық кинопродюсер – автор ескертп.) шешеді", — деді Дворцевой қазақстандық журналистермен өткен баспасөз мәслихатында.
Режиссер "Айка" фильміне әлемдік кинематографтың есігі ашылғанын айтты.
"Канн фестивалі деген не? Бұл жай ғана жүлде алу емес. Бұл әлемнің берген бағасы. Фильм үшін әлемдік кинематографтың есігі ашылады. Яғни, фильмді бүкіл әлем тамашалайды, Қазақстанда осындай жоғары деңгейдегі әлемдік өнер бар екенін білетін болады", — деді режиссер.