АСТАНА, 22 мамыр — Sputnik. Алматыда аулада ойнап жүрген жерінен жоғалған бүлдіршін әлі табылар емес. 4 жасқа енді толатын ұлды іздеуге қаптаған полицей мен ерікті кіріссе де, нәтиже жоқ. Тіпті, Әрсен Көмековті көрген тірі жан болмай тұр. Ойын баласы 5 күн бұрын үйінің қасында қараусыз жүріп, қапыда із-түссіз кетіпті, деп хабарлады КТК.
Анасы баласын сағынып ішқұса. Әжесі немересін құшағына алуға зар. Өзегі өртенген өзге жақындары да Әрсенді уайымдап, күні-түні осында жүр. Бірақ, әзірге оларға бар жұбаныш қолда бар бүлдіршіннің суреті болып тұр.
4 жасқа енді толатын баладан жақындары өткен бейсенбіде көз жазып қалған. Сол күні ойнап жүрген Әрсен үлкендердің қарауынсыз болған екен. Міне, осымен бесінші күн баладан ешқандай хабар жоқ.
Аядай болса да, жалдамалы үйде 8 адам тұрып жатқан. Өкініштісі сол, әлі есі кірмеген Әрсенді ешкім бақыламапты. Ал, анасы жұмыста болғанын айтады. Ылғи алдынан жүгіріп шығатын ұлы сол күні күлімдеп күтіп алмағанда-ақ Жанардың көңілінде күдік пайда болған.
"Осы жерде "мама" деп алдымнан жүгіріп шығатын. Ешқандай хабар жоқ. Білмеймін, бір жағынан қорқамын", — дейді анасы Жанар Көмекова.
Ал, көрші-көлем анасы ұлына тым салғырт қарады деп отыр. Қалай болғанда да, қазіргі мақсат – бүлдіршінді аман-есен табу. 5 күн бойы бір хабар болмай, жақындарының ойы сан-саққа кетіп отыр. Оны біреулер ұстап отыр деген болжамдары да бар.
"Кім ұстап отырса да баламызды қайтарып берсе болды. Біз тіл де тигізбейміз, заң орнына да жазбаймыз. Баламыз ортамызға келсе болды", — дейді әжесі Зәуре Сейбосынова.
Ал, полицейлер ең алдымен құдықтар мен жақын жердегі өзен жағалауын қарап шыққан. Әрі үй-үйді аралап, сұрастырып жүр. Із-түссіз кеткен ұлдың суреті де жан-жаққа ілінуде.
"120-ға жуық полиция қызметкері баланы іздеуге жұмылдырылды. Қазіргі таңда "Шаңырақ" ықшамауданына шекаралас басқа да ықшамаудандар тексеруге алынды. Бейнекамералардың жазбалары да толығымен талданып жатыр", — деп хабарлады Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Іздеуге еріктілер, тіпті, кинологтар да атсалысып жатыр. Ал, тума-туыс үміттерін үзбейді. Қазір оларға Әрсен туралы кез келген ақпарат маңызды. Сондықтан, баланы көргендер, не ол туралы естігендер болса, тез арада хабар беруін өтінуде.